Халық батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» деген кітабы жарық көрген-ді. Бұл кітап оның бұрын шыққан «Шуақты күндер» атты туындысының жалғасы болып табылады. Мұнда Бауыржан атамыз «Жеті қазына» туралы мынандай естелік айтыпты:
«Жеті сөзімен байланысты көптеген халықтардың тілінде қалыптасқан ұғымның бірі - «Жеті қазына» екен. Бұл тіркестің әр елдің тұрмыс-тіршілік салтына, таным-нанымына қарай әртүрлі айтылуы – табиғи нәрсе. Ертедегі грек аңыз-әңгімелерінде жиі кездесетін «жеті қазына» өзге халықтарға, оның ішінде қазаққа да тән деуге болады. Өйткені, мұнда айтылатындардың барлығы адамзатқа ортақ. Сондықтан көкейге қонымды, қисыны анық ұғымдар. Оны былайша таратады. Бірінші – Аспан. Аспан дүние жаратылыстың тылсым құпия сырларын аясына сыйғызып тұр. Өмірге пана болып, аспан денелерінің қалпын сақтап тұрған көк күмбез – планеталар мен жұлдыздардың құтты мекені. Көшпенділер «жерді әлемнің анасы» десе аспанды жарық, нұр, жылу беріп, жаңбыр жаудырып есіркеуші атасы санаған. Сондықтан олар Көк тәңірге, Жер-анаға табынған. Көктемде күн күркіреп, алғашқы жауын жауғанда: «Көктен жаудыр! Жерден өндір!» - деп тілек тілеген. Бас киімін шешіп, «дерт-дербезден басымызды аман сақта» деп жаңбырға басын тосқан, «Көкте тәңір бар, жерде әулие бар», деп жас балалардың аяғын көкке көтеруіне және аспанға қарап түкіріп, аспанға тас лақтыруға қатаң тыйым салған. Жазғытұрым найзағай алғаш жарқылдағанда: «Тәңірім, ырыздығымызды молынан бер, малымыздың желінін сау, сүтін мол ете гөр!» – деп шөмішпен ақ алып, босағаға тамызып және үйдің жабығына жаққан. Көкке қарап, қол жайып, тілек тілейді. Бұл – халық емшілерінің де қолданылатын әдісі. Олар аспаннан, яғни ғарыштан күш-қуат аларда қолын көкке қаратып, алақанын жайып, үнсіз тұңғиыққа батып, бойына энергия жинайды. Ал көкке қарап қарғану жантүршігерлік жаман іс саналған.
Көшпенділер, оның ішінде қазақтар көктегі Күн, Ай, жұлдыздарды киелі есептеген. Аспан әлеміндегі жұлдыздар адам өмірімен тығыз байланысты. Әрбір адамның тағдырымен ұштасып жататын өзінің жұлдызы болады дейді. Жұлдызы жоғарыласа, ол адамның бағы ашылады, төмендесе, бағы таяды. Жұлдызы оңынан туса, ісі сәтті болады, солынан туса, қырсық шалады. Ол жұлдыз жерге ағып түссе, сол жұлдыздың иесі өледі. Тіліміздегі «жұлдызы батты», «жұлдызы сөнді» дейтін ұғымдар осыған байланысты шыққан. Ісі сәтті болып, басына бақ қонған адамдарды «жұлдызы оңынан туды», «жұлдызы жанды» дейді. Аспаннан аққан жұлдызды көрген адам: «Менің жұлдызым жоғары, сақтай гөр, тәңірім», - деп сыйынады. Ата-бабаларымыздың ұғымында адамдардың жұлдыздары әр алуан, бірінікі біріне ұқсамайды. Кейбір жұлдыздар – топырақ, кейбірі – су, енді бірі – от, тағы бірі – ауа, жел сипаттас болып келеді. Бұл адамның мінезін, арадағы қарым-қатынасын белгілейді. Мысалы, жұлдызы су текті адам жұлдызы от текті адаммен жараса алмайды. Бір-бірімен тіл табыса алмайтындарды «жұлдызы жараспады», - деп, өмірі өш болып жүретіндерді «бұлардың жұлдызы қарсы» дейтіні осы жұлдыздарға байланысты түсініктерден шыққан. Адам тағдырын жұлдызбен болжап айту, көріпкелдік жасау Шығыс әлемінде баяғыдан бар.
Екінші қазына – Күн. Күн – әлемдегі тіршілік тірегі. Күллі адамзат, өсімдіктер әлемі, құрт-құмырсқа, жан-жануар күннің шуағынан нәр, күш-қуат алады. Күн – жылу, жарық көзі. Күнсіз тіршілік жоқ. Бұл дәлелдеуді қажет етпейді. Қазақтар ұл-қыздарының атын күнмен байланыстырып, сәбилеріне Күнту, Күнтуар, Күнімжан, Күнсұлу, Күнтай деген секілді аттарды қояды. Мұның барлығы «күндей мейірімді», «күндей көпке ортақ, мейірбан», «күндей арайлы болсын» деген ниеттен шыққан.
Үшінші қазына – Ай. Ай – әлемнің түнгі нұры. «Ай болмаса аспанда адасады» дегендей, Ай болмаса, дүниені қара түнек басар еді. Жаратылыстың түнгі ырғағы бұзылады. Табиғат түн әлемінде Ай сәулесімен ерекше бір тебіреніске түсіп, тынығады екен. Ай – Жердің табиғи серігі. Ай Жер шарындағы ауа райына, Жер қозғалысына, оның осінде айналып тұруына зор ықпал жасайды, яғни Ай Жердің тірегі. Ай Жер мен Күннің аралығына келгенде екі-үш күн көрінбейді. Қазақ мұны «өліара» деп атайды. Содан кейін Ай Күннің сол жақ шетінен шығып, Жердің батыс көкжиегінен жіңішке орақ тәрізді болып көрінеді де, күн санап өсе береді. Қазақтар жаңа туған Айды көргенде басын иіп, тәжім етеді. Қолын көкке жайып: «Ай көрдік, аман көрдік, баяғыдай заман көрдік. Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа!» - деп тілек тілейді. Ай «орағы» күн санап өсіп, дөңес жағы оңға қараған жарты дөңгелек болады. Бұл –Айдың бірінші ширегі. Шығыс халықтары, оның ішінде қазақтар алғашқы ширек – жеті күнді қасиетті санайды. Осыдан кейін тағы жеті күн өткенде Ай дөңгеленіп толады. «Он төрттегі айдай толықсыған» деп бойжеткен қыздарды айтып жататыны сондықтан. Бұдан ары қарай толық Ай оң жақ шетінен батап кетіліп, азая береді. Жеті күн өткенде Айдың сол жақ жартысы қалады, бұл – Айдың соңғы ширегі. Сол кемігеннен кеміп, Ай көрінбей кетеді. Бітер Айдың бейнесін өлген адамның бейітіне, күмбезіне орнатады. Ана бір жолы Зейнеп екеуміз Жәмкенің басына, зиратқа барғанда туар Айдың бейнесін қадап қойған бірнеше ескерткішке көзім түсті. Бұл дұрыс емес. Жаңа туған Ай төңкерілген « ) » әрпіне ұқсайды да, біткен Ай «С» әрпінің өзіне ұқсайды. Бұрын қазақтар Айдың алғашқы ширегі мен соңғы ширегін ешқашан шатастырмайтын. Қазір жазба күнтізбеге әбден үйренгендіктен көбі мұны ажырата алмайды. Туатын жаңа Айдың орағы батыстан кешке қарай көрінеді. Бітер ай шығыстан таң алдында шығады. Ертеде қазақтың кез келген баласының өзі бұл айырмашылықты жақсы білген.
Адам ағзасы жалпы Жер мен кеңістіктегі құбылыстардан әсерленеді. Ай толғанда жүрек-қан тамырлары аурулары мен өлім азайып, адамның ойы, еңбекке қабілеті артады екен. Керісінше, өліарада жауын-шашын болып, ауа райы өзгереді, бас ауруы, ұйқысыздық, қан қысымы көтерілуі жиілеп, созылмалы аурулар қозады екен. Айдың өсмдіктер әлеміне, оның тіршілігіне тікелей әсері болатынын ғалымдар дәлелдеп қойған. Айталық, Ай толғанда өсімдіктер суды бойына көп сіңіреді, осы кезде отырғызған көшеттер тез өсіп жетіледі. Орман шаруашылығымен ертеден айналысатындар ағашты Айдың жаңа туған бас жағында кеседі екен, ол кезде ағаштың бойында су аз болғандықтан, шірімей, көпке шыдайды. Біздің қазақтың үй жасайтын шеберлері киіз үйдің ағашын Айға қарап дайындауды баяғыдан білген.
Қазақ халқы Айды қолмен көрсетпейді. «Айға қарап түкірме», «Айға қарап дәрет сындырма», «Айға телміріп қарама» деп тыйым айтуы тегін емес. Тілімізде Айға теңеп, Аймен байланыстырып айтатын сөздер көп.
- Төртінші қазына – Жер, - деп ата сөзін жалғады. – Жер – барлық тіршілік иесінің анасы. Жер болмаса, еш нәрсе өсіп-өнбес еді. Құдай тағала керемет сұлулықпен көмкерілген, байлық пен ырысқа толы мекен – Жерді адамзат үшін жаратқан. Таулармен асқақтатып, далалармен кеңейткен. Мұхит-теңіздермен тереңдеткен. Адамның ырыздығын Жерден берген. «Адам топырақтан жаралған, өлгеннен кейін оның жатар орны – Жер, адам туғанда қай жердің топырағы бұрқ етсе, сол жерге жерленеді», - деп болжам айтқан. Қарап тұрсақ, мұның де негізі бар. Адамның топыраққа жерленіп, топырақпен көміліп, топыраққа сіңетіні – шындық. Қазақта мақсатсыз, себепсыз жер қазу, әсіресе балалардың жер қазып, топырақ шашып ойнауы – жаман ырым, оны өлім тілегенмен бірдей көріп, қатаң тыйым салынады. Сол секілді жерді тепкілеуге болмайды, киесі ұрады делінеді. Адамның артынан топырақ шашу қарғыстың ең жаманы саналады. Өте бір маңызды нәрсеге серт еткенде, уәде жасап, сөз бергенде топырақ жеп, ант етеді. Мұның да жолы – ауыр. Егер айтқанын орындамай, өтірік ант берген болса, Жердің құдіретіне, киесіне ұшырайды деп түсіндіріледі. Өйткені ол Жерді куәлікке тартты.
Найзағай түскен адамды жер қазып жатқызып, топырақта ұстап емдеген. Жер адам бойындағы артық энергияны өзіне қабылдап, адам денесін тазартады. Қазіргі кезде электр тоғы соққан адамды алдымен топыраққа көметіні сол халықтың емінен алынған. «Атың шықпаса, жер өрте» деп қазақ жер өтеуді ұлкен қылмыс санайды. Өйткені топырақ күйіп, ылғалынан айырылады, топыраққа түскен өсімдік дәндері, тамыры қоса күйеді. Ал өсімдік шықпаса, мал қырылады, мал қырылса, адамның тіршілігі тығырыққа тіреледі деп түсіндіреді. Қарапайым әрі талас туғызбайтын қисыны берік ұғым екеніне дау жоқ. Тілімізде «өртеңге шыққан» дейтін тұрақты тіркес сөз бар. Бұл – өртенген жерге әйтеуір аман қалып, жауын-шашынның нәр беруімен өскен шөпті бағалау. Кейде бейнелі түрде бұл сөзді адамға да арнап айтады. Үлкен төңкерістен, аштықтан, 37-жылғы нәубеттен, кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстан тозып, еңсесі түскен халықтың енді өсіп жатқан ұрпағын, оны ішінде қаулап бас көтерген ғалым, ақын-жазушы, суретші, өнерпаздары мен еңбек ерлерін «өртеңге шыққандар» деуге болады.
«Біздің қазақтардың кіндігі туған жеріне жабысып қалған», - деу – ақиқат шындық. Көшпенділер ұлтарақтай жері үшін жанын да, қанын да, қайрат-жігерін де аямаған. Қазақ – жер сатпаған халық. Оны анасын сатумен бірдей көрген. Жерін жатқа тарту етпеген. Патшаның қол астына бағынған соң кетті ғой қазақтың небір құйқалы атақоныстары. Бұл үдіріс оқтын-оқтын әлі тоқталған жоқ. Күні кеше Хрущевтің дәуірлеп тұрған кезінде әкесі Сергейден қалған мұрадай қазақтың едәуір жерін көршілерімізге бөктертіп жіберген жоқ па?!
Бесінші қазына – Су. Сусыз тіршілік жоқ. Бүкіл адамзат, қыбырлап-жыбырлаған барлық жан иелері, өскен-өсімдіктер тек су арқылы өмір сүреді. Жерді анаға теңеген халқымыз суды да ертеде «Су-ана» деп қасиеттеген. Анасыз адамның өмірге келмейтіні секілді су жоқ болса, өмір сүру де жоқ. Сондықтан қазақ ұғымында суға түкіру ананың бетіне түкіргенмен бірдей саналады. Суға жуынды төгу, дәрет сындыру қылмыс, күнә саналады. Су – таза. Оның тазалығын сақтау өмір-тіршілікті сақтау екенін бұрынғы замандарда өткен ата-бабалар жақсы түсініп, бізге өсиет еткен. «Таза болсаң судай бол, бәрін жуып кетірген», «Сулы жер – нулы жер», «Бұлақты жер – құрақты жер», «Толысып аққан дария – мейірбанды қария», «Бұлағы болмаса, өзен де сарқылар», «Жылай-жылай құдық қазсаң, күле-күле су ішерсің» деген мақалдар бар. «Су ішкен құдығыңа түкірме» деп тыйым айтады. «Сумен ойнама, батарсың» деп сақтандырады. «Тау мен тасты су бұзар» деп судың ғаламат күшін ұқтырады. Алтыншы қазына – От. От – Күннің жердегі ұшқыны. Қазақта «от көктен түскен» дейтін көнеден келе жатқан сөз бар.Жетінші қазына – Ит. Ит адамзаттың жер бетіндегі алғашқы серігі, қорғаушысы.